Мәжіліс зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдауға өзге де қабілеттері шектеулі адамдардың жарияланған туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, Марракеш шарты 2013 жылғы 27 маусымда Мароккода Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының дипломатиялық конференциясында қабылданды.
"Шарт көру қабілеті нашар адамдарға (зағип, көру қабілеті бұзылған және т.б.) арналған әдеби және көркем шығармаларға қол жетімділікті жеңілдетуге бағытталған. Шарттың мақсаты – кедергілерді шешу және олардың физикалық қабілеттеріне қарамастан барлық азаматтар үшін білім мен жарияланған туындыларға тең қол жеткізуді қамтамасыз ету. Шарт уағдаласушы тараптардан зағип және нашар көретін адамдар үшін қолжетімді форматтарда жарияланған туындыларды (Брайль; аудиоформат; бейімделуі бар электрондық кітаптар, яғни мәтінді аудиоға, ірі қаріпке аудару мүмкіндігі) жаңғыртуға, таратуға және көпшілікке қолжетімді етуге мүмкіндік беру үшін авторлық құқықтарға қатысты шектеулер мен ерекшеліктердің стандартты жиынтығын көздеуді талап етеді", – деді ведомство басшысы Мәжілістің жалпы отырысында.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми деректері бойынша елімізде 85 мыңнан астам адамның көру қабілетіне сәйкес мүгедектіктері бар.
"Шартты ратификациялау көру қабілетіне сәйкес мүгедектіктері бар тұлғалардың кітаптарға, журналдарға, оқу материалдарына қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол қоғамның мәдени және әлеуметтік өміріне қол жеткізуді қамтамасыз етуге, осындай тұлғаларға қол жетімді форматта жасалған туындылардың даналарымен халықаралық алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Марракеш щартын ратификациялау зағиптар мен көру қабілеті бұзылғандар үшін кітапханалар желісінің сақталуын қамтамасыз етуге ықпал етеді", – деді Азамат Есқараев.