Халықаралық карате федерациясы мәлімдегендей, қазақстандық Софья Берульцева (+75 келі) мен Данияр Юлдашев (+61 келі) құрлықтық жолдамаға ие болып, Қазақстан қоржынына қос жолдаманы алып келді, деп хабарлайды inbusiness.kz ҰОК сайтына сілтеме жасап.
Айта кетерлігі, каратэден Қазақстан құрамасынан Токио Олимпиадасына бес жолдама бар. Оосыған дейін Дархан Асаділов рейтингте қарсыласынан 1000 ұпай алда болғандықтан мерзімінен бұрын Олимпиада лицензиясына иелік етті. Ал Мөлдір Жаңбырбай (50 келі) мен Нұрқанат Әжіқанов (75 келі) Парижде өткен лицензиялық жарыста жеңіп алды.
Естеріңізге сала кетейік, каратэ Олимпиада ойындарының бағдарламасында алғаш рет ұсынылған. Каратэ бойынша жарыс 6-8 тамыз аралығында өтеді. Токио Олимпиадасына барлығы 82 каратэші (40 әйел және 42 ер адам) қатысады. Оның ішінде 61 кумитэден және 21 ката бойынша бақ сынайды. Каратэ бойынша Олимпиада ойындарына барлығы 34 елден спортшылар қатысады.
Олимпиадаға іріктеу екі жылға созылды. Рейтингтік жарыстарда спортшылар ұпай жинады.
Қазіргі таңда #TeamKZ қоржынында 26 спорт түрінен 72 жолдама бар.