Алматы қаласы әуежайында 69 және 71 жасар Ресей Федерациясының азаматтары Қазақстанның азаматтық туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл туралы Көліктегі ПД басшысының бірінші орынбасары, полковник Мадияр Айтуғанов хабарлады, деп жазады inbusiness.kz “Jaiyq Press” сайтына сілтеме жасап.
"Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қаулысына сәйкес құқық бұзушылар елден шығарылып, 5 жыл мерзімге Қазақстан аумағына кіру құқығынан айыру түрінде жауапкершілікке тартылды", – деді полиция полковнигі.
Ерлі-зайыптыға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 496-бабы 2-бөлігі бойынша ("Шетел азаматтығын алу фактісін хабарламағаны үшін") әкімшілік хаттама толтырылды.
Айта кету керек, жыл басынан бері 155 шетел азаматы Қазақстаннан шығарылған.