Шығыс Қазақстан облысында қос азаматтық фактілерін анықтау жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жыл басынан бері облыстық Полиция департаментінің көші-қон қызметі 450-ден астам адамның Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқанын тіркеді. Олардың басым бөлігі көрші мемлекеттің азаматтығын алған.
Заң талаптарын бұзғаны үшін 31 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 24 азамат шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламаған болса, тағы 7 адам азаматтығын жоғалтқаннан кейін Қазақстан Республикасының құжаттарын заңсыз пайдаланған. Сот шешімімен 6 шетелдік азамат ел аумағынан шығарылды.
Анықталған жағдайлардың бірінде облыс орталығының 43 жастағы тұрғыны 2024 жылдың қазан айында өзге мемлекеттің азаматтығын алғанымен, бұл туралы ішкі істер органдарына уақытылы хабарламаған. Соның салдарынан оның Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылып, құжаттары тәркіленді.
ШҚО Полиция департаменті өзге мемлекеттің азаматтығын алған азаматтар бұл туралы 30 күн ішінде ішкі істер органдарына хабарлап, Қазақстан Республикасының азаматтығын куәландыратын құжаттарды тапсыруға міндетті екенін еске салды. Заң талаптарын сақтамағандарға әкімшілік жауапкершілік көзделген.