Қос азаматтыққа қарсы құжат қабылданды

704

Көші-қон бойынша 23 халықаралық келісім бекітілді. 

Қос азаматтыққа қарсы құжат қабылданды

Сенатта "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. 
Заң жобасы бойынша ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев баяндама жасады. 

"Бұл келісімге 2019 жылғы 25 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойылды. Құжат азаматтық туралы ақпарат алмасуға, заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Нақты айтсақ, біріншіден, статистика мен ақпарат алмасуға жағдай жасайды. Екіншіден, азаматтар туралы жеке ақпарат алуды қамтамасыз етеді. Үшіншіден, екі ел Үкіметі тәжірибе алмасып, бір-біріне практикалық көмек көрсетеді. Төртіншіден, Қазақстан мен Беларусь азматтарының құқықтық мәртебесі анықталады. Бесіншіден, көші-қон саласындағы қылмыспен күресіп, заңсыз каналдарды жоюға ықпал етеді", – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Министрдің мәлімдеуінше, беларусьтер келісімді 2020 жылғы 18 мамырда рәсімдеген. 

"Бүгінгі таңда ішкі істер министрлігі көші-қон бойынша 23 халықаралық келісімді бекітті. Халықаралық деңгейде тағы 9 келісім әзірленіп жатыр. 
Осы келісімдердің нәтижесінде ақпарат алмасу жақсарады; адамдарды басқа елдерге қайтару мәселесі шешіледі; шетелдіктердің Қазақстанда болу мерзімі анықталады. Қос азаматтыққа жол берілмейді. Осы заң азаматтық туралы ақпарат алмасуға, заңсыз көші-қонды реттеуге, қос азаматтықпен күресуге бағытталған. Әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға әкеп соқпайды және қосымша қаражат талап етпейді", – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу