Қазақстанның жаңа сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсіміне сайлауға түскен кандидаттардың барлығы дерлік қатысты. Бірақ оппозицияның өкілі Әміржан Қосановты көре алмадық.
Мұның анық-қанығын анықтау үшін Әміржан Қосановтың Астана қаласындағы сайлауалды штабының басшысы Аршат Оразға хабарласқан едік. Алайда ол штабтан кетіп қалғанын, бейхабар екенін айтты.
Бұдан кейін Әміржан Қосановтың республикалық сайлауалды штабының басшысы Дәурен Бабамұратовқа телефон шалдық. Ол "Білмеймін, хабарым жоқ", – деп жауап берді.
Әміржан Қосановтың өзіне хабарласқанымызбен, тілдесе алмадық. Телефон тұтқасын көтермеді.
Еске сала кетейік, бүгін кезектен тыс президент сайлауында жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Ауқымды шараға президенттікке түскен "Ауыл" халықтық демократиялық партиясының өкілі Төлеутай Рахымбеков, Қазақстан коммунистік халық партиясының өкілі Жамбыл Ахметбеков, "Ақ жол" партиясының өкілі Дания Еспаева және "Ұлы дала қырандары" республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Сәдібек Түгел де қатысты. Тек Әміржан Қосанов қана төбе көрсетпеді.