Қошанов: Президент айтқан мәселелер жұртшылықты толғандырып жүргенін білеміз

175

Сегізінші сайланған Мәжілістің үшінші сессиясы ашылды. 

Қошанов: Президент айтқан мәселелер жұртшылықты толғандырып жүргенін білеміз Фото: PrimeMinister.kz

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламенттің төменгі палатасы алдында тұрған басым міндеттерді атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ең алдымен сіздерді сегізінші сайланған Мәжілістің үшінші сессиясының ашылуымен құттықтаймын. Біз жаңа сессияны жаңа залда бастап отырмыз. Осы мүмкіндік үшін Президентімізге зор ризашылық білдіріп қояйық!", - деді Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов дүйсенбі күні Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауын жариялағанын еске салды.

"Президент Жолдауда депутаттық корпустың белсенді жұмысын ерекше атап өтті. Бірқатар тапсырма тікелей депутаттарға арналды. Бұл Президенттің көптеген мәселелерде депутаттық корпусқа арқа сүйеп, сенім артатынын көрсетеді. Сонымен бірге, бұл Мемлекет басшысының "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" формуласының дұрыстығын әрі пәрменділігін дәлелдейді. Жолдауда айтылған көптеген мәселелер заңнамалық тұрғыдан қолдауды талап ететінін көріп отырмыз. Мәселен, қолданыстағы Банктер туралы заң 1995 жылы қабылданған. Бүгінгі күннің талаптарына толық сай келмейді. Сондықтан біз Банктер туралы жаңа заң қабылдауымыз керек. Сонымен қатар, алдымызда еліміздің салық жүйесін қайта електен өткізу міндеті тұр. Президент Салық кодексін қабылдау мерзімін келер жылға ұзартты. Бұл шешім асығыстық танытпай, кодексті мұқият қарауға мүмкіндік берді. Ең бастысы, кодексті сарапшылармен, мамандармен, кәсіпкерлермен бірге тағы да жан-жақты пысықтай аламыз", - деді ол.

Сөзінше, Салық кодексі экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтардың барлығына түсінікті болуы керек.

"Бұдан басқа, біз Президенттің "Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы" жарлығы аясында жұмысты жалғастыратын боламыз. "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңды қабылдау кезінде біз бұл мәселені талқыладық. Енді осы тақырыпқа қайта оралатын кез келді. Мемлекеттік кәсіпорындарды басқарудың оңтайлы саясатын заңнамалық деңгейде бекіту қажет болады. Осы сессияда біз активтерді қайтару бойынша заңнаманы жетілдіруге бағытталған жұмысты жалғастырамыз. Қайтарылған қаражат та, активтер де Қазақстан халқының игілігіне жұмыс істеуі қажет. Ол үшін ел экономикасына қаражат салу – капиталға амнистия жасаудың міндетті шарты болуға тиіс. Бұл – Президенттің берік ұстанымы, біз оны нормативті түрде бекітуіміз керек", - деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы Жолдаудың басым бөлігі қоғамның нақты қажеттілігі мен сұраныстарына негізделгенін атап өтті.

"Біз өңірлерде халықпен кездестік. Президент айтқан мәселелер жұртшылықты толғандырып жүргенін білеміз. Соның ішінде соңғы жылдары жол апаттарының артуы, соның салдарынан адамдардың опат болуы, әскер қатарында жарғыға сай келмейтін заңсыздықтардың жиілеп кетуі халықтың алаңдаушылығын туғызып отыр. Заңнаманы қатаңдатқанымызға қарамастан, халық арасында есірткі тұтыну әлі де қиын мәселе болып қалуда. Сан түрлі өршіген алаяқтық әрекеттермен халық күн сайын дерлік ұшырасып жатыр", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу