Тәртіп бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік тағайындалады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бүгін Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев 2024-2029 жылдарға арналған "Таза Қазақстан" тұжырымдамасын таныстырды.
"Таза Қазақстан" экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасына сәйкес 2025-2027 жылдар аралығында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша жобалар іске асырылады, бұл қоқысты көму көлемін қысқартуға және қайта өңдеу үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
"Көшелер мен аулалардың, қоғамдық кеңістіктің және жалпы қоршаған ортаның жай-күйін бақылауды ұйымдастыру кезінде цифрландыру, бет жүзінен тұлғаны тану және одан әрі әкімшілік шараларды қолдану секілді бейнемониторингтік жүйенің мүмкіндіктері пайдаланыланады. Бұл ретте азаматтар мен кәсіпорындар тарапынан экологиялық құқық бұзушылықтарды азайту мақсатында тіркеуге арналған камералар саны арттырылады", – деді спикер.
Бұдан басқа, атмосфералық ауа мониторингінің автоматтандырылған посттарының желісін кеңейту көзделіп отыр, бұл халыққа онлайн-платформалар арқылы ауаның жай-күйі туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.
"Адамдар көп жиналатын орындарда қайталама шикізат үшін бонустар есептейтін экобокстар мен фандоматтар орнату қалдықтарға жауапкершілікпен қарауға ынталандырады", – деді спикер.
Сонымен қатар, спикердің айтуынша, үлкен елді мекендерде сумен жабдықтау және сарқынды су жүйелерін цифрландыру және автоматтандыру олардың тиімділігі мен қуатын арттырады. Жергілікті атқарушы органдар тұтыну көрсеткіштерін дәлірек бақылау және ресурстарды үнемдеуді ынталандыру үшін заманауи су есептегіштерін орнататын болады.
2024-2029 жылдарға арналған "Таза Қазақстан" тұжырымдамасын 15 қазан күні Үкімет мақұлдады және қазір құжатты бекіту мәселесі қарастырылып жатыр.
Вице министр атап өткендей, тұжырымдама бойынша жұмыстар оны "Ашық НҚА" порталында жариялаудан басталды, сол арқылы күллі қоғам онымен танысып, пікір алмаса алды.
Жалпы экологиялық мәдениетті дамыту мынадай негізгі бағыттар бойынша іске асырылады: экологиялық ойлау және мінез-құлық, оның ішінде, ынталандыру және оларды көтермелеу шаралары; экологиялық білім; экологиялық ағартушылық және ақпарат тарату.