Астана қаласында су тапшылығына қатысты мәселе осы айдың соңында шешіледі. Бұл туралы Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы басшысы Дәурен Бабамұратов мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
"Осы айдың соңына дейін ауыз су тапшылығы қалада шешіледі. Дегенмен дәл қазіргі уақытта кейбір тұрғын үйлерде судың аздығы шамадан тыс қатты байқалатынын түсініп отырмыз. Мұндай үйлердің мәселесін "Астана Су Арнасы" және аудандық әкімдіктер бірлесіп шешуде. Кейбір жерлерде үйдің насостары қайта бекітіліп, судың ағысы күшейтіліп жатыр. Бірақ ол барлық жағдайда бірдей көмектесе бермейді. Дегенмен "Астана Су арнасы" барлық тұрғын үйлерге теңдей қарап, су тапшылығын шешуге тырысуда. Алайда су қоймаларында деңгей қатты төмендеп кеткен кезде, олар сол су қоймаларын толтырып алғанша қаладағы ағысты азайтуға мәжбүр. Әдетте бұл түннен-таңға дейін жалғасады. Мұндай кезде сабыр сақтағаннан басқа ештеңе көмектесе алмайтыны тағы анық. Сол себепті қалыптасқан жағдайға азаматтарды түсінушілікпен қарап, заңға қайшы әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз. Көше жабылса, су келеді екен деп түсіну қате. Есесіне, заңға қайшы әрекет, басқа азаматтардың еркіне нұқсан келтіріп, жол-көлік апатына әкелуі ықтимал", - деді Ішкі саясат басқармасы басшысы.
Қала әкімдігі әр арыз-шағым толық қаралатынын айтты.