"Көшедегі көліктерді тоқтатқан": Түркістанда полиция киімін киген кішкентай бала жазаланған жоқ

Бұл туралы Түркістан облыстық полиция департаменті ресми парақшасында жазды.

"Көшедегі көліктерді тоқтатқан": Түркістанда полиция киімін киген кішкентай бала жазаланған жоқ Фото: Видеодан скриншот

Әлеуметтік желілерде автокөліктерді тоқтатқан полиция формасындағы баланың бейнежазбасы жаппай тараған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Біз бұл жағдайда түсіндіргіміз келеді. Баланы полиция формасын кигені немесе полиция қызметкері болуды армандағаны үшін ешкім жазалаған жоқ. Керісінше, біз балалардың болашағын полиция қызметімен байланыстыруға деген ұмтылысын құптаймыз.

Бірақ бұл оқиғада біз мүлдем басқа нәрсе туралы айтып отырмыз. Бала кешкі уақытта жолға шығып, қозғалыстағы көліктерді тоқтатқан. Сонымен қатар оның әкесі жақын жерде тұрып, не болып жатқанын видеоға түсірген.

Мұндай әрекеттер баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Жүргізушінің бір абайсыз қозғалысы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан полиция араласты, – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта баламен және оның әкесімен профилактикалық әңгіме жүргізілген. Баланың өзіне ешқандай жауапкершілік шаралары қолданылмаған. Ал әкімшілік материал ата-ана міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкесіне қатысты рәсімделіп отыр.

– Полиция қызметкері болуды армандау өте жақсы. Бірақ бейнеролик үшін бала өміріне қауіп төндіруге болмайды. Баланың қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында тұруы керек, – деп қоса кетті ведомство.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу