Көшелерден қазып алынған трамвай рельстері сатылымға қойылады

942

Көшелерден қазып алынған трамвай рельстері сатылымға қойылады

Алматыда екі жылдан бері металл қалдығына айналған трамвай депосының бұйымдары сатылатын болды, деп хабарлайды astanatv.kz.

АлматыЭлектроТранс компаниясы көшелерден қазып алынған шойын жол желілерінің құнын есептеп шығарған. Қазір мамандар трамвай рельстерін конкурс немесе бәссауда жолымен сатуды ойластырып жатыр.

Өткен жылдан бері жиналған трамвай шойын жолдарының ұзындығы 33 шақырымға жетті. Олардың құны 77 млн теңгеге бағаланады. Тауар иелері оның әр метрін 2300 теңгеден саудаламақ. АлматыЭлектроТранс мамандарының есебінше, бұрын қолданыста болған шойындар нарық құнынан төмен бағаланған. Сондықтан оны сатып алушылар жеткілікті болады деп болжайды.

Темір-терсекке әсіресе металл балқытумен айналысатын кәсіпорындар қызығушылық танытуы мүмкін. Жоғарыда белгіленген баға бәс сауда кезінде өзгеретін болады. Осы жылдың соңына дейін металл қалдықтары толықтай сатылуға тиіс. Ал келесі жылы кәсіпорын қаланың орталығындағы қалған трамвай жолдарын қазып алуды жоспарлап отыр.

"Меніңше, енді алдағы 10 күнде, ары кетсе 2 аптада сатылымның шарттарын арнайы порталға ілетін боламыз. Металдардың нарық құнынан төмен сатылуы - олардың ескіруі мен тот басуына байланысты. Бағасы шамамен 20 пайызға төмен белгіленді. Ұзақтығы 32 мың 779 метр жолдың орташа құны 77 млн теңге болады. Байқауға қатысып, тауарды сатып алуға қызығушылық танытқандар келіп жатыр.  Кәсіпорын шойын жолдармен бірге аукцион арқылы трамвай вагондарын да сатпақшы. Қазір депоның қоймасында 14 вагон сақтаулы. Олардың құны 131 млн теңге тұрады", - дейді "АлматыЭлектроТранс" ЖШС бас директоры Ризван Цинаев.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу