"Қошқар ата" қалдықтар қоймасын қалпына келтіру жұмыстары қайта жалғасады

873

Маңғыстау облысындағы "Қошқар ата" қалдықтар қоймасын қалпына келтіру жұмыстары бірнеше рет тоқтап қалғаны белгілі.  

"Қошқар ата" қалдықтар қоймасын қалпына келтіру жұмыстары қайта жалғасады Фото: inbusiness.kz

Осыған дейін жобалық-сметалық құжаттарға түзетулер енгізілген. Кезекті рет биылғы жылдың үшінші тоқсанында қайта жалғасады.

"Бұрын қалдықтар қоймасында қалпына келтірілетін жер көлемі 4279 гектар болса, жаңа түзетуге сәйкес, 1344 гектарға дейін қысқарды. Жаңа нұсқа бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы шығады. Содан кейін рекультивация жұмыстары жанданбақ. Мемлекеттік сараптама жаңа жобалық-сметалық құжаттаманы мақұлдауы тиіс. Толық қорытындыны алғаннан кейін жұмыстар қайта жалғасады", - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев.

Мамандардың айтуынша, қайта қалпына келтіруге бөлінетін қаражаттың да көлемін ұлғайту жөнінде жұмыс жобасына қайта түзету енгізу туралы шешім қабылданған. Жобаны қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджет есебінен 90/10 пропорциясы бойынша бірлесіп жүзеге асатын болады.

Айта кетейік, 2013-2014 жылдары "Маңғыстау ҒӨО" бұрын осы орында жүргізілген жұмыстар мен зерттеулерді талдау негізінде ""Қошқар ата" қалдық қоймасын рекультивациялау" атты техникалық-экономикалық негіздемесін дайындаған болатын. Онда қалпына келтірудің екі нұсқасы қаралған. Мақсаты- мониторингтік, гидрогеологиялық, рекультивациялық, экологиялық, әлеуметтік және басқа да ұстанымдар бойынша оңтайлы жобалық шешім дайындау. Техникалық-экономикалық негіздемеде келтірілген нұсқаның бірі - қалпына келтіру жұмыстарын екі түрлі әдіспен жүргізуді көздейді: қалдықтар қоймасының орталық-солтүстік бөлігіне Каспий теңізінен су беру арқылы жасанды тоғанның бетін минус 35 м белгіге дейін жеткізу.

Қалпына келтіру жұмыстарын толықтай аяқтау 2025 жылға жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу