Қошқар ата көлін қалпына келтіру неге тоқтап тұр?

123

Қошқар ата улы қалдықтар қоймасын толық қалпына келтіру үшін шамамен 49,5 млрд теңге қажет екені есептелген.  

Қошқар ата көлін қалпына келтіру неге тоқтап тұр? Фото: gov.kz

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Самат Мұсабаев Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтан Маңғыстау облысындағы Қошқар ата көлін қалпына келтіруге бөлінген қаражаттың не себепті кері қайтарылғанын сұрады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

– Қошқар атадағы улы қалдықтарды рекультивациялауға 2024 жылға 8,3 млрд теңге бөлінген еді. Бұл жоба үш жылдық бюджетке енгізіліп, жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Тиісті мердігер де анықталып, жұмыс басталған. Алайда арада алты ай өткен соң барлық жұмыс тоқтап, бөлінген қаражат кері қайтарылды. Осы шешімді кім қабылдады? – деді депутат.

Министр Ерлан Нысанбаев бұл жағдайды қосымша зерттеулермен түсіндірді.

– Қаражаттың игерілмеуінің басты себебі – Маңғыстау облысы әкімдігінің бастамасымен жүргізілген қосымша зерттеулер. Соның негізінде жобаны қайта қарау қажеттілігі туындап, қалпына келтіру жұмыстары уақытша тоқтатылды. Сол себепті 8,3 млрд теңге бюджетке қайтарылды. Қазір зерттеу аяқталып, жобалық-сметалық құжаттарға тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Жыл соңына дейін сараптаманың оң қорытындысын алып, қайта қаржыландыруды қарастырамыз, – деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу