Заңға Парламент депутаттары бастамашы болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бал ара шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды қабылдады.
Түзетулер бал ара шаруашылығы және асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталып отыр.
Атап айтқанда, заңға "асыл тұқымды аналық бал арасы", "аталық бал ара", "аспаптық ұрықтандыру пункті", "оқшауланған шағылыстыру пункті" сияқты жаңа ұғымдар енгізіледі. Бұлар саланы реттеуге және бал ара шаруашылығындағы селекциялық асылдандыру жұмыстарында бірыңғай тәсіл қалыптастыруға жол ашады. Заң аясында "табиғи бал ұғымы" бекітіледі. Бұл норма жалған өнімдердің айналымына қарсы тұруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Сонымен қатар, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін омартаның ветеринариялық паспорты енгізіледі. Аталған құжат омарталарды есепке алуды жүргізуге, алдын алу және емдеу іс-шараларын уақтылы өткізуге, сондай-ақ бал арасы ауруларының таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Бал арасын өсірушілер арасындағы шиеленісті жағдайдың алдын алып, балшырынды базасын ұтымды пайдалану мақсатымен стационарлық талаптар мен көшпелі омарталарды бір-бірінен кемінде 5 шақырым қашықтықта орналастыру туралы талабы белгіленеді. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейтіледі. Олар араны қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында ғылыми зерттеулер ұйымдастырады және жүргізеді.