Қосшыда бір ауысымда 1000 қабылдауға арналған емхана ашылды

171

Ақмола облысының Қосшы қаласында бір ауысымда мың адамды қабылдауға арналған емхананың құрылысы аяқталды.

Қосшыда бір ауысымда 1000 қабылдауға арналған емхана ашылды Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Медициналық нысанның құрылысы Мемлекет басшысының 2024 жылғы тамыз айында Қосшы қаласына жасаған жұмыс сапары барысында бастау алған болатын. Емдеу мекемесіне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, медициналық қауымдастық өкілдері мен қала депутаттары барды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жобаның инвесторы – "VIAMEDIS KOSSHY" ЖШС, жалпы құны шамамен 30 млрд теңгені құрайды. Жоба мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбей, компанияның жеке қаражаты есебінен толықтай жүзеге асырылды.

Емхана алғашқы медициналық-санитарлық, шұғыл, жоспарлы, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге арналған заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен қамтылған. Медициналық мекеме Қосшы қаласының 100 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсетеді.

"Жаңа емхананың ашылуы Астана агломерациясындағы медициналық қызмет көрсету мәселесін шешіп, Көкшетау мен Астана қалаларындағы облыстық ауруханаларға түсетін жүктемені азайтады. Мұнда Қосшы тұрғындары сапалы әрі білікті медициналық көмек алуы үшін ең заманауи жабдықтар сатып алынды. Соңғы 4 жылда қала қарқынды дамып келеді: бас жоспар бекітілді, газ жүргізілді, әлеуметтік нысандар салынуда. Бұл медициналық мекеменің ашылуы – Қосшының дамуының жаңа кезеңі", – деп атап өтті өңір басшысы емхана ұжымымен кездесу барысында.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қосшы тұрғындарын қала өміріндегі маңызды оқиғамен құттықтап, емхана ұжымына сәттілік тіледі.

"Медициналық мекеме құрылысына жеке инвестиция тарту бойынша осындай ірі жоба аймақта алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Мемлекет мұндай бастамаларды қолдайды және медицина қызметкерлері мен халық үшін заңнамалық деңгейде жағдай жасауда", – деді министр.

Жыл соңына дейін 350 төсек-орынға арналған стационардың құрылысы аяқталады деп жоспарлануда, оның ішінде Қосшы қаласы мен Ақмола облысының Шортанды, Ерейментау, Егіндікөл, Аршалы, Қорғалжын, Целиноград және Астрахан аудандары тұрғындарына арналған 50 реабилитациялық төсек қарастырылған. Жалпы емхана мен стационарда 700-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ инвестор медициналық қызметкерлерге арналған пансионат пен тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.

"Емхана халықаралық стандарттарға сай салынған. Құрылыс басталған сәттен бастап біз реанимациялық және реабилитациялық бөлімшелерге қажетті жабдықтар бойынша өз ұсыныстарымызды бердік. Бұл жобаның болашағы зор", – деп пікір білдірді "Еңбек ері" атағының иегері, жоғары санатты нейрохирург-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, Серік Ақшолақов

Айта кетейік, соңғы екі жылда Ақмола облысында 38 медициналық нысан салынды. Бұл ауылдық елді мекендердің 75 мыңнан астам тұрғынына медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етті. Ірі жобалардың бірі – Біржан сал ауданында салынған көпсалалы ауданаралық аурухана. Сонымен қатар Атбасар аудандық ауруханасының негізгі корпусы күрделі жөндеуден өтті, Көкшетау қаласында 630 төсек-орынға арналған көпсалалы аурухананың құрылысы жүргізілуде, облыстық балалар ауруханасының алты қабатты корпусы жөндеуі жүргізілуде, "Болашақ" оңалту орталығының күрделі жөндеуі аяқталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу