Қосшыдағы жол сапасы мәз болмай тұр

1664

"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" елорда іргесіндегі көшелердің салыну сапасын тексеріп, рейд жүргізді.

Қосшыдағы жол сапасы мәз болмай тұр

"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" өкілдері бірқатар қоғам белсендісі мен журналистермен бірге астана іргесіндегі Қосшы елдімекеніндегі көшелердің жөнделу барысымен танысып, рейд жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ондағы мердігер компания 12 көшені алып, жолдарды жөндеуде. Сапар барысында топ көзінше құрылысқа жұмсалатын материалдар сапасы тексеріліп, жолдың əр учаскесінен сынамалар алынды. Сапаға сай емес деп танылған тұстарымен келіспеген мердігерлер де өз уəждерін айтып бақты.

Айта кететін бір жайт,  орталық бұған дейін де осы көшелерден 60-тан аса сынама үлгілерін зертханаға алып, 13 материалдың жобалық стандарттарға келмейтінін дəйектеген. Алайда жауапты компания бүгінге дейін оларды ескерусіз қалдырып келген. Өрескел қателіктердің мысалы ретінде табиғи құм-қиыршық тас орнына ұсақталған құм салынғанын айтуға болады. Сондай-ақ, жол жиегі және арықтардың салынуы жоба талаптарына сай емес, ортаңғы және жоғарғы қабат арасында битум эмульсиясы салынбаған, т.б.

Сондай-ақ, мердігер компания Республика көшесінде 640 метрге жөндеу жұмыстарын жүргізу керек болған, іс жүзінде тек 440 метрге ғана асфальтобетон салған. Алайда құжат бойынша барлық қаражат игерілген.

Тексеру тобына жергілікті тұрғындар да шағымдарын жеткізді. Олардың айтуынша, санаулы жылда осымен екінші рет жөнделіп отырған жолдар тағы 1-2 жылда жарамсыз болып қалады, себебі қазірдің өзінде үгіліп тұр.

Жолдың жыры бұнымен тоқтамайды, орталық басшысы Замир Сағынов  рейдтердің алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу