Қостанай қаласында 17 миллион теңге көлемінде ақша бопсалады деген күдікпен бұрын сотталған екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер өткен жылдың қыркүйек айынан бастап жәбірленушіні күш қолданумен және физикалық есеп айырысумен қорқытып, одан 17 миллион теңге талап еткен.
28 қазанда күдіктілерді ҚР Ішкі істер министрлігі Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері Қостанай облысы Полиция департаментінің тиісті басқармасы және "Бүркіт" арнайы бөлімшесімен бірлесіп ұстаған. Тінту барысында 4,4 миллион теңге қолма-қол ақша, Kia Sportage автокөлігі және ұялы телефондар тәркіленді.
Аталған дерек бойынша күдіктілердің әрекеті алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалған қорқытып алушылық ретінде сараланды. Екі ер адам да тергеу изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.