Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданының тұрғыны оңай жолмен ақша табуды көздеп, 10 мың теңгеге өзінің банк шотын алаяқтарға берген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кейін оның шоты қылмыстық схемаға пайдаланылып, өзі қылмыстық жауапқа тартылды.
Сот ер адамды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған 1 жылға пробациялық бақылау белгіленіп, бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудан прокуратурасының бастамасымен сот отырысы аудан тұрғындарының қатысуымен ашық форматта өтті. Процесс барысында нақты мысал арқылы оңай табыс табуға ұмтылудың қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені түсіндірілді.
Прокуратураның мәліметінше, дропперлер – өздерінің банк шоттарын немесе карталарын ақша үшін алаяқтарға беретін, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатты аударуға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесетін адамдар. Қылмысты ұйымдастырмаған жағдайда да, мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Дропперлік үшін айыппұлдан бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.
Прокуратура азаматтарды банк карталарын, шоттарын, SMS-кодтарын және жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады. Жеңіл жолмен ақша табуға ұмтылу соттылыққа және басқа да ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.