Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданында ұзақ уақыт пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы 21 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аудан прокуратурасының мәліметінше, қадағалау барысында жер заңнамасының талаптарын бұза отырып пайдаланылмай жатқан ірі жер учаскелері анықталған. Прокурорлық қадағалау актілері негізінде сот жосықсыз жер пайдаланушылардан учаскелерді мәжбүрлеп алып қою туралы шешім қабылдаған.
Нәтижесінде жалпы кадастрлық құны 112 476 501 теңге болатын 21 388,8 гектар жайылым және егістік жер мемлекетке қайтарылды. Учаскелер бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры базасынан шығарылып, мемлекеттік меншікке ресімделді.
Қайтарылған жерлер ауданның арнайы жер қорына берілді. Алдағы уақытта олар жергілікті тұрғындар мен адал фермерлер арасында конкурстық негізде бөлініп, жайылым тапшылығын азайтуға пайдаланылмақ.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.