2017 жылдың соңында "Торғай Аян" ЖШС-ы Қостанай облысының Жітіқара индустриялдық аймағында күріш өндіріп, өңдейтін зауыттың құрылысын бастайды, деп хабарлады "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне "Тобол" ӘКК.
Жобаның жалпы құны 186 мың доллар. Кәсіпорынның құрылысы 2018 жылы аяқталады деп болжанған.
Жоспар бойынша айына 800 тонна өнім шығаруға қауқарлы.
Ақпаратқа сүйенсек, қазіргі таңда Жітіқара индустриялдық аймағы әзірше пайдалануға берілмеген.
"2017 жылы кірме жолдар салу үшін облыстық бюджеттен қаржы тарту көзделген. Ақша бөлінген жағдайда, Жітіқара қаласындағы аймақты 2017 жылдың төртінші тоқсанына іске қосу жоспарланып отыр. Осыдан соң, жоба да іске қосылады", – деп түсіндірді "Тобол" ӘКК.
"Торғай Аян" ЖШС-ның негізгі қызмет түрі ауыл шаруашылығы, астық, бұршақ дақылдары, оның ішінде тұқымдық дақылдар өсіру болып табылады.