Алтынсарин ауданында жалпы кадастрлық құны 207 млн теңге болатын орман қорының жер учаскелері мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аудан прокуратурасы пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау жұмыстары аясында орман заңнамасы талаптарының сақталуына талдау жүргізген.
Тексеру барысында мемлекеттік орман қорының жекелеген учаскелері ұзақ уақыт бойы мақсатқа сай пайдаланылмағаны анықталды. Атап айтқанда, олар сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорттық мақсаттарға қолданылмаған.
Учаскелердің бірі 2007 жылы орман пайдаланушыға берілгенімен, іс жүзінде пайдаланылмаған. Бұл аумақта туристік инфрақұрылымды дамытуға кедергі келтірген.
Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде жер учаскелері мемлекетке қайтарылды.
Алдағы уақытта бұл аумақтар инвесторларға туристік жобаларды іске асыру, инфрақұрылым құру және жерді дамыту үшін ұсынылуы мүмкін.
Қостанай облысының прокуратурасы пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, оларды экономикалық айналымға тарту жұмыстарын жалғастырады.