Соңғы алты ай ішінде бір топ адам Арқалық қаласы мен оған жақын ауылдық округтердің аумағында сегіз адамның малын ұрлаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша 14 бас ірі қара мен 30 жылқы ұрланған. Келтірілген залал 25 млн теңгеден астам соманы құрады. Полицейлер жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 27 мен 59 жас аралығындағы бес жергілікті тұрғыннан тұратын топ анықталып, ұсталды.
Полиция қызметкерлері 15 жылқыны тәркілеп, иелеріне қайтарды. 14 ірі қара мал басына қатысты залал ақшалай көлемде өтелді.
Аса ірі мөлшерде мал ұрлығын жасау фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.