Қостанай облысында 3 жасар бала наркоздан соң комаға түсті

540

15 желтоқсан күні облыстық ауруханада 4 ұл балаға жоспарлы урологиялық ота жасалған. Анестезия салынған. Күрделілігіне қарай ота 5 минуттан 40 минутқа дейін созылған.

Қостанай облысында 3 жасар бала наркоздан соң комаға түсті Фото: mczr.ru

Жалпы, хирургиялық операция жақсы өткен. Анестезияның күші қайтқан соң, балалар 2 сағатта оянуы тиіс болыпты, алайда оның орнына балалар ұзақ уақыт ес-түссіз жатқан. Тек, бірнеше сағаттан кейін олардың қызуы қатты көтеріле бастапты. Бұл туралы "Наша газета" басылымына сілтеме жасап, inbusiness.kz жазады. 

Газет редакциясына жүгінген ата-аналардың бірі барлық баланың температурасы 40-тан жоғары болғанын айтады. Олар дәрігерлерге сенім артқан. Алайда, бірнеше сағаттан кейін барлығының қызуы түскенмен, балалар бірден оңала қоймаған. Араларындағы 3 жасар Әмір есімді бүлдіршін демала алмай қиналған. Оған алғашқы реанимациялық шаралар таңу бөлмесінде жасалған. Содан кейін оны бірден реанимацияға алып кеткен. Алайда, 15 желтоқсаннан бері бүлдіршін әлі есін жимаған күйі, комада жатыр. 

Ол қазір реанимация және интенсивті терапия бөлімінде. Баланың әкесінің сөзінше оған "Мидағы қан айналымының қатты бұзылуы. Токсикалық энцефалопатия" (токсикалық заттардың әсерінен бас миының зақымдануы) деген диагноз қойылған. Алайда, ата-аналарға бастың бұлай зақымдануына не әсер еткенін дәрігерлер ашып айтпаған.

Әмірмен бірге операция жасалған өзге балалар 4 жастан асқан Игорь, 3 жастан асқан Ақназар, 2,5 жасар Ерназар да бірнеше күннен кейін ғана өз-өздеріне келе бастаған. Ата-аналары отаға дейін балаларының бойынан физикалық және менталды деңгейде ешбір ауытқу байқалмағанын айтып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу