Қостанай облысының Жітіқара аудандық соты "Эклипс Агро" ЖШС директорының ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол шаруа қожалығына тиесілі 352,56 тонна бидайды заңсыз сатып, тасымалдаушылар алдындағы берешегін өтемегені үшін кінәлі деп танылды.
Айыптау материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қазан айында компания басшысы құны 28,5 млн теңге болатын астықты алған. Кейін құжаттар "Эклипс Агро" ЖШС атына қайта рәсімделіп, бидай меншік иесінің келісімінсіз үшінші тұлғаларға сатылған.
Бұдан бөлек, компания үш тасымалдаушыға көрсетілген қызметтері үшін жалпы сомасы 11,1 млн теңгені төлемеген.
Қорғау тарапы тараптар арасында бірлескен шаруашылық қызмет болғанын алға тартқан. Алайда прокурор мұны растайтын шарт пен астыққа билік ету құқығын дәлелдейтін құжаттар болмағанын атап өтті.
Мемлекеттік айыптаушы 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот компания басшысын 6 жылға соттап, қосымша 6 жылға белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ, деп хабарлайды Қостанай облысының прокуратурасы.