Қостанай облысының Денисов ауданы прокуратурасы инвестордың жер учаскесін алу құқығын қорғады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл жұмыс Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен жүзеге асырылды.
"Тохтар Агро" ЖШС күнбағыс тұқымын өңдеу және форпрессиялау өндірісін, сондай-ақ өсімдік тектес жемшөп ұнын өндіретін цехы бар элеватор салу бойынша инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 4 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Алайда жер учаскесін беру мәселесін қарау барысында энергия беруші ұйым учаске аумағы арқылы жоғары вольтты электр беру желісінің өтуіне байланысты келісім беруден бас тартқан.
Прокуратура жүргізген зерделеу нәтижесінде уәкілетті органдармен бірлесіп, электр беру желісін энергетикалық инфрақұрылымның жұмысына зиян келтірмей, жер учаскесінен тыс жерге көшіруге болатыны анықталды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде инвесторға инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін қажетті жер учаскесі берілді.