Қостанай облысында алимент бойынша 240 млн теңгеден астам берешек өндірілді

318

Прокуратура бастамасымен борышкерлер жұмыспен қамтылып, бірқатар азамат жауапкершілікке тартылды.    

Қостанай облысында алимент бойынша 240 млн теңгеден астам берешек өндірілді Фото: inform.kz

Қостанай облысының прокуратурасы уәкілетті органдардың кәмелетке толмағандардың пайдасына алимент бойынша берешекті өндіріп алу шараларын уақтылы әрі толық жүзеге асыруын тұрақты негізде қадағалап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Прокуратура бастамасымен облыстың барлық өңірлерінде алимент борышкерлерін жұмыспен қамтуға бағытталған "Enbek қолдау" бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіледі. Жыл басынан бері осы жәрмеңкелер арқылы 100-ден астам борышкер жұмысқа орналастырылып, балаларды асырауға алимент төлемдерінің тұрақты түсуі қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, кірістерін жасырып немесе ресми жұмыспен қамтылудан жалтарып жүрген борышкерлерге ерекше назар аударылуда.

Мәселен, Рудный қаласының тұрғыны кәмелетке толмаған қызын асырауға арналған алиментті ұзақ уақыт төлемей келген. Сот шешімін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қылмыстық жауапкершілік туралы бірнеше рет ескертілгенімен, 3,5 млн теңге көлеміндегі берешекті өтеу бойынша шара қабылдамаған.

Прокуратураның бастамасымен оған қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сот үкімімен ол бір жылға бас бостандығын шектеуге сотталды. Сондай-ақ пробациялық бақылау белгіленіп, ойын-сауық орындары мен алкоголь өнімдері сатылатын мекемелерге баруға тыйым салынды.

Жыл басынан бері прокурорлық қадағалау актілері нәтижесінде 200-ден астам баланың құқығы қорғалды. Алимент төлемеген 132 борышкер әкімшілік, 25 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Барлығы 240 млн теңгеден астам алимент берешегі өндірілді.

Балалардың құқықтарын қорғау және алимент бойынша берешекті өндіру жұмыстары жалғасуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу