Қостанай облысының Амангелді ауданының тұрғындары дабыл қағуда. Айтуларынша, шаранасын жарып шыққан құлындар сәл сәтте өліп жатқан көрінеді. Бұл туралы alau.kz жазып отыр.
Аудан тұрғыны Сүндет Есентаевтың айтуынша, құлындар туған бойда өліп жатқан көрінеді.
"Қазірдің өзінде 23 бас құлын өлді. Туған бойда өліп қалады. Себебін білмей далмыз. Былтыр Торғайда ақбөкендер қырылды, бәлкім құлындардың өліміне бір байланысы бар шығар. Бұл жағдай жалпы аудан бойынша орын алып отыр", – дейді ол.
Оған дәлел ретінде адамдар бейнежазбаны да көрсетуде. Олар көмек сұрап отыр.
Қостанай облысының ветеринария басқармасындағылар жағдайдан хабардар екендерін, бірақ жаппай қырылу орын алып отырмағанын айтады.
"Биелер құлын тастап жатыр. Оның себебі әзірше белгісіз. Адамдар бізге хабарлады. Біз ол жаққа мамандарды жөнелттік. Олар екі биенің құлын тастағанын айтты. Мамандар өлген төлден сынама алып, талдау жасауға жөнелтті. Әзірше нәтижесі белгісіз. Егер жаппай қырылатын болса, онда сол жаққа мамандарымызды жібереміз", – деп мәлім етті облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Марат Күзенбаев.
Қадағалаушы мекеменің айтуынша, мәселе бақылауға алынған.