Қостанай облысы Меңдіқара ауданында елік пен түлкіні атқан 41 жасар браконьер ұсталды, деп жазады inbusiness.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары "Браконьер" жедел алдын-алу іс-шарасы барысында күдіктінің автокөлігін тексерді. Жүксалғыштан екі елік пен атылған түлкінің еті, ал көлік салонында тіркелген аңшы мылтығы табылды.
"Ер адам аудан аумағында жануарларды заңсыз атқанын айтты. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - делінген хабарламада.
Табиғатты қорғау полициясының қызметкері Ғазретғали Әлімғазиннің айтуынша, облыс аумағында заңсыз аң аулауға байланысты 4 қылмыстық құқық бұзушылық пен 160 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Салынған айыппұлдар сомасы 1 млн теңгеден асты. Заңсыз айналымнан тіркелмеген аңшы қаруының 6 бірлігі тәркіленді.