ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің қызметкерлері Қостанай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және облыс прокуратурасымен бірлесіп, ірі көлемдегі есірткі заттарын тасымалдау арнасын тоқтатты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қостанай – Әулиекөл – Сұрған автожолында 200 келіден астам тыйым салынған заттарды тасымалдаған ер адам ұсталды.
Көлік құралын тексеру кезінде жүк көлігінің кузовынан, темір бөшкенің ішінен полиэтиленге оралған қап табылды. Оның ішінде өсімдік тектес зат болған. Автокөлікті мұқият тексеру барысында полицейлер арнайы жабдықталған жасырын орынды анықтады.
Жасырын бөлікте мөлдір скотчпен оралған, өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат салынған 20 қап болған.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.