Қостанай облысында карантин режимі енгізіледі. Бұл туралы облыс әкімі әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Құрметті қостанайлықтар! Бүгін жедел штаб отырысы өтті. Денсаулық сақтау саласының мамандарын тыңдай келе, 17 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап 1-ші мамыр сағат 07.00-ге дейін облыс аумағында карантин енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл халықты коронавирустық инфекциядан қорғау үшін мәжбүрлі шара екенін атап өткім келеді. Мұндай тәжірибе Қазақстанның басқа облыстарында қолданылуда. Ең алдымен, карантин режимі бізге барлық байланыстарға шектеу қоюға және қауіпті вирустың таралуына жол бермеуге мүмкіндік береді", – деп жазды облыс басшысы.
Архимед Мұхамбетов дәрігерлер, полиция және тіршілікті қамтамасыз ету кәсіпорындарының қызметкерлері күшейтілген режимге көшкенін атап өтті. Сонымен қатар ол тұрғындарға қолдан келгенше көмек көрсетілетінін айтты.
"Облыстың барлық тұрғындарын карантин жағдайына барынша байыпты қарауды сұраймын. Үйде болып, барлық медициналық ұсыныстарды сақтау қажет. Қымбатты қостанайлықтар! Ө здеріңізді және жақын жандарды қорғаңыздар! Әрбір отбасыға амандық, барлық қостанайлықтарға мықты денсаулық және сенімділік тілеймін. Қаншама рет қиындықтарды бастан өткердік, бірақ әрдайым тек алға жүрдік. Біз барлығын жеңеміз және осы жолы да жеңіске сөзсіз жетеміз. Біз біргеміз!" – деп атап өтті аймақ әкімі.