1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс батыры Кейкі батырдың сүйегі мавзолейде сақталады. Қостанайдағы батырға арналған мавзолей құрылысы аяқталып қалды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат.
Торғай жерінде қазір жазушы, педагог-ағартушы Ыбырай Алтынсариннің мавзолейін жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
"1992 жылы салынған мавзолейді күрделі жөндеуден өткізуге облыс әкімі бюджеттен 80 миллион теңге бөлді. Бұл екі мавзолей Қазақстанның республикалық маңызы бар сакральдық нысандар тізбесіне ұсынылды", - деді спикер.
Осы жылғы қыркүйекте белгілі қолбасшы, дипломат, Абылай ханның сенімді майдандасы Шақшақ Жәнібекке арналған ескерткіш ашылады деп күтілуде.
"Ол екі ел арасындағы өзара іс-қимылға күш салғаны үшін Ресей империясынан тархан атағын алған бірінші адам. Санаулы күндерден кейін әуежайда Қостанай қонақтары батырдың ескерткішін тамашалайды", - деді спикер.
Ерлан Қалмақов әр халықтың, өркениеттің киелі орындары, мәңгілік батырлары болатынын атап өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту" мақаласы тарихи мұраны сақтауға бағытталды.
"Ұлттық біртектіліктің тірегі саналатын ескерткіштер мен тарихи орындарын жаңғырту, қайта жөндеу жұмыстары Қазақстанның сакральдық географиясы жобасын ұйымдастыру аясында жалғаса бермек", - деп сөзін түйіндеді спикер.