Қостанай облысында Кейкі батырға кесене тұрғызылады

1074

Қостанай облысында Кейкі батырға кесене тұрғызылады

Қостанай облысының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның биылғы жылғы алғашқы отырысы өтті, деп жазады "Қостанай таңы" газеті.
Отырыста үш мәселе – Кейкі батырдың сүйегін жерлеу рәсіміне дайындық, Қостанай қаласында Шақшақ Жәнібекке ескерткіш орнату, Ыбырай Алтынсариннің кесенесін жаңарту немесе қайтадан салу жайы қаралды. Іс-шараға комиссияның мүшелері, облыстық басқарма басшылары, Қостанай қаласының, Аманкелді ауданының әкімдері және Қостанай ауданы әкімінің орынбасары қатысты.

"Бір ғасырға жуық жат елде сақталған Кейкі батырдың бассүйегі елге оралды. Осы жылы Аманкелді ауданында жерлеу рәсімі өтеді. Қостанай қаласында Шақшақ Жәнібекке ескерткіш орнатылады. Қостанай ауданында орналасқан ұлы ағартушы ұстаз, жерлесіміз Ыбырай Алтынсариннің мавзолейі жаңарады немесе қайтадан саламыз. Осы аталған маңызды шараларға орай нақты жоспар бекітуіміз керек", – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың айтуынша, Кейкі батыр кесенесінің құрылысына дайындық шаралары басталып кетті. Аталған жұмыстарға Аманкелді ауданы да белсене кіріскен.

"Кесененің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және құрылыс жұмыстарын қаржыландыру көзі тартылатын қаражат есебінен жүргізілетін болып шешілді. Тартылатын қаражатты Аманкелді ауданындағы "Аманкелді" қоғамдық қоры арқылы өткізуді жоспарлап отырмыз. Аталған қоғамдық қордың қаржы институттарына немесе мердігерлерге ешқандай қарызы жоқ. Осы жобаға қатысуға дайын. Кейкі батыр кесенесі салынатын жерді абаттандыру құрылыс жұмыстарымен қатар жүргізіледі. Кесене басына электр желісі Арқалық қаласының Мирный ауылы мен Аманкелді ауданының Тасты ауылы арқылы тартылатын болады. Жалпы ұзындығы екі жарым шақырымға жетеді. Кесенеге дейін тасымалдау жұмыстары туралы бір топ кәсіпкерлерге ұсыныс айтылды. Бұл әкімдіктің назарында,-деді аудан әкімі Нұржан Өтегенов.

Комиссия отырысында өңір басшысы Архимед Мұхамбетов бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу