Қостанай облысында он төрт адам бүгін баспаналы болып отыр. Оның 10-ы – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары. Барлығы да – жер телімін алуға кезекте тұрған аймақ тұрғындары, деп хабарлайды ТҮҚЖБ баспасөз қызметі.
"Нұрлы жер" бағдарламасының жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған пилоттық бағытының аясында мемлекет салымшыларға тиесілі 10 сотық жерді ғана беріп қоймай, сол жер телімінде жеке тұрғын үй салуға да көмектесті.
Алғашқы болып үй алған қуаныш иелерін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова құттықтап, баспана кілтін тапсырды.
Коттедждер Қостанайдың жанындағы Заречный кентінде орналасқан. Барлығы да шетелдік үлгіде бірыңғай стильде салынған. Айырмашылығы тек үйдің көлемінде ғана: тұрғындарға аумағы 90 және 110 шаршы метр болатын бірқабатты және екіқабатты үй бұйырып отыр. Жер телімінен үміткерлер өздеріне тиесілі 10 сотық жерде мемлекеттік тегін ресімдеді, ал сол жерде тұрғызылған үйді 1 шаршы метрін 115 000 теңгеден сатып алды. Бұл ретте жер иелеріне Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) көмектесті. Банк салымшыларға жылдығы 5% болатын заем берді. Сыйақы мөлшерлемесі Қазақстан ипотекалық компаниясы төлеген мемлекеттік субсидияның арқасында төмендетілді. Несие ресімдеу үшін қойылған басты шарт ТҮҚЖБ депозитінде үй құнының кем дегенде 30%-на тең сома ұстау болды.