Қостанай облысы Амангелді ауданында көліктің өзенге түсіп кетуі салдарынан 3 адам, оның ішінде 1 бала қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі нақтылағандай, 10 шілдеде Амангелді ауданына қарасты Қарынсалды ауылы маңында бірнеше адам өлімі тіркелген жол-көлік оқиғасы болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл автокөлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік Қарынсалды өзеніне түсіп кеткен.
Куәгерлердің айтуынша, көлікте 3 адам болған, олардың бірі – бала.
Оқиға орнына Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары, соның ішінде жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері шықты.
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында үш адамның да денесі табылып, судан шығарылды.
Ведомство атап өткендей, қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.