Қостанай облысында тағы бір ауылшаруашылық кластері құрылады

992

Қостанай облысында тағы бір ауылшаруашылық кластері құрылады

Қостанай облысында тағы бір ауылшаруашылық кластері құрылады. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов айтты, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.

Архимед Мұхамбетов "Сейдахметов Е.С" шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 

"Сейдахметов Е.С" шаруа қожалығының құрылғанына 6 жыл болған. Осы уақыт аралығында олар түрлі қажеттіліктерге 800 млн теңге жұмсапты.

"Мал шаруашылығы кешен-репродукторын дамыту аясында ірі қара мал сатып алу жылдық жоспардан түскен емес. 2012-2013 жылдары Канададан "ангус" тұқымының 600-ден астам ІҚМ сатып алдық. Себебі, түліктің бұл тұқымы өңірдің климаттық жағдайына жақсы бейімделген. Қазір қолда 650 асыл тұқымды аналық мал басы бар. Ендігі мәселе мал жаятын алқаптың жетіспеуі болып тұр. Амал жоқ, жаз кезінде 100 шақырымда орналасқан Таран ауданындағы жайылымға апарамыз. Оған кететін шығын да қалтаға салмақ түсіреді", - дейді шаруа қожалығының басшысы Ерсін Сейдахметов.

Осыған байланысты облыс әкімі өңірде тағы бір ауылшаруашылық кластерін құруға болатынын айтты.

"Қазір облыста 4 ірі кластер жұмыс істейді. Олар: Арқалық ет комбинаты, Қарабалықтағы "Терра" шаруашылығы және Қостанайдағы "Милх" зауытының базасында орналасқан. Төртінші кластерге май экстракциялау зауытының алқабы жатады. Енді қала шетінен тағы бір ауылшаруашылық кластерін құруды тапсырамын. Егер "Сейдахметов Е.С" ШҚ алған қарқынынан танбаса, онда жаңа база осында құрылуы мүмкін", - деді Архимед Бегежанұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу