Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, Қостанай облысында биыл 20-21 сәуір аралығында облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты Рудный тау-кен-технологиялық колледжінің студенттері жаппай тамақтан уланған.
"Жұқпалы аурулар бөліміне барлығы 14 адам жатқызылды. Бұл факт бойынша департамент пен аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары қозғалған қылмыстық іс аясында кәсіпкерлік субъектісі жалға алған колледж асханасына жоспардан тыс тексеру жүргізді", – деп жазылған хабарламада.
Эпидемиологиялық тексеру барысында науқастарда жүрек айнуы, құсу, сұйық нәжіс түріндегі белгілер болған, олар колледж асханасында тамақтанумен байланысты екені анықталды.
"Бүгінде барлық студент қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылып, дәрігерлердің бақылауына алынды. Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша асхананың 3 қызметкерінен патогенді стафилококк анықталды, дайын өнімнің барлық үлгілері микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеді. Ауруханаға жатқызылған студенттердің талдауларында патогенді алтын стафилококк анықталды", – деп жазылған хабарламада.
Инфекцияның көзі қоғамдық тамақтандыру қызметкерлері болуы мүмкін.
Тексеру барысында санитарлық ережелерді бұзу фактілері анықталды. Тамақ өнімдерін сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарсыз пайдалану, сақтау шарттары мен пісіру технологиясын бұзу.