Қостанай облысындағы шектеу шараларын күшейту керек

572

Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай Үкіметтің тұрақты бақылауында.  

Қостанай облысындағы шектеу шараларын күшейту керек

Ведомствоаралық комиссия Қостанай облысында қосымша шектеу шараларын енгізуді тапсырды, деп хабарлайды COVID-19-дың таралуын тежеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия.

ВАК төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды.

Вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізіп, жергілікті мемлекеттік органдар басшылығының қабылданып жатқан шаралар туралы есебін тыңдады.

Ералы Тоғжанов биылғы қараша айынан бастап өңірде COVID-19 фактілерінің едәуір өсуі тіркелгенін атап өтті. Қостанай қаласында, Жітіқара, Қарабалық аудандарында эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру қажеттілігіне ерекше назар аударды.

Вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысының әлсіздігін атап өтіп, Денсаулық сақтау министрлігі ұсыныстарының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ облыстың кейбір қалалары мен аудандарында ПТР-тестілеудің болмауын ескере отырып, бұл қызметтің облыс тұрғындары үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуді жедел шешуді тапсырды.

Еске салсақ, кеше ведомствоаралық комиссияның келісімі бойынша Қостанай облысында 9 қарашадан бастап санитарлық режимді қатаңдату жөнінде бірқатар шара қабылданған болатын.

Сонымен қатар ВАК облыс әкімдігіне қосымша шектеу шараларын қабылдауды, соның ішінде Қостанай – Қарағанды, Қостанай – Алматы бағыттары бойынша теміржол тасымалдарын аптасына 7-ден 3 ретке дейін қысқартуды және облыс ішінде жолаушылар теміржол құрамдарын тоқтатуға тыйым салуды (облыс әкімдігі айқындайтын орындарды қоспағанда) тапсырды.

Сондай-ақ өңір басшылығына карантиндік режимді сақтау бойынша мониторингілік топтардың қызметін күшейту, сондай-ақ тұрғындар арасында карантиндік режимді мүлтіксіз сақтау қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары медициналық нысандарда, атап айтқанда, Облыстық ауруханада, медициналық маскалар өндіруші кәсіпорында және дәрі қоймаларында болып, өңірдің коронавирустық инфекцияның ықтимал толқынына дайындығын тексерді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу