Бүгін ӨКҚ-де Қостанай облысының мемлекеттік санитарлық бас дәрігері Владимир Нечитайло төтенше жағдайлар кезіндегі шаралар және уақытша шектеулер туралы мәлімет берді, деп хабарлайды coronavirus2020.kz.
Владимир Нечитайлоның айтуынша:
- Халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтіледі;
- Ірі сауда объектілерінің, сауна, қоғамдық моншалардың жұмыс істеуіне шектеу қойылады;
- Сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметі уақытша тоқтатылады;
Жергілікті полиция қызметінің бастығы Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, блок-бекеттерде тәртіп сақшыларынан бөлек медицина қызметкерлері кезекшілік атқарады. Сонымен, облыста бүгіннен бастап Ақмола, СҚО, Қарағанды, Ақтөбе облыстарына шығатын жол бағыттарына уақытша шектеу қойылады. Алайда бұл аймақтарға емдеу шаралары үшін жол ашылады. Облыстың аудандары мен қалалары арасында автобус тасымалдау толығымен тоқтатылады.
31 наурызда сағат 22.00-ден бастап 10 өткізу бекетін қоя отырып, Қостанай облысының аумағына кіруге (шығуға) шектеу енгізіледі. Ресей Федерациясына шығуға уақытша тыйым салынды.
Шектеулер төтенше жағдай кезеңінің соңына дейін, яғни 15 сәуірге дейін ұзартылады.