Қостанай облысының экологиялық жол картасы жасалады

1453

Министр жергілікті тұрғындардан экологияны жақсарту жөнінде ұсыныс жасауларын сұрады. 

Қостанай облысының экологиялық жол картасы жасалады

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қостанай облысының экологиялық мәселелеріне қатысты жол картасының жобасын әзірледі. Экологиялық жол картасы жеті бөлімнен тұрады. 

Оның ішінде көмір жағатын жылу және электр қуатын өндіруші кәсіпорындардан қоршаған ортаға шығаратын қалдықтардың мөлшерін азайту қарастырылған. Мәселен, Қашар жылу орталығында күл тоқтататын қондырғылар орнатылып, Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінің жылу энергетика орталығын реконструкциялау көзделіп отыр. Жекеменшік тұрғын үйлер де көмір жағуды азайтып, газбен жылытуға көшірілмек. Тобыл өзенінің аңғарын тазартып, су бөгендерін техникалық тұрғыдан жаңғырту да жоспарда бар. Сондай-ақ өңірде қоқыс қалдықтарымен күресіп, жаппай жасыл желек отырғызу қолға алынбақ.

Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев экологиялық жол картасы қоршаған орта мәселесін шешуде маңызды құралға айналатынын айта отырып, жергілікті тұрғындардан экологияны жақсарту жөнінде ұсыныс жасауларын сұрады. 

"Алдағы екі апта ішінде экологиялық жол картасын әзірлеуіміз керек. Егер қандай да бір ұсыныстарыңыз, қажетті ақпараттарыңыз болса, бізге беріңіздер. Біздің жергілікті департаментіміз барлық ұсынысыңызды қабылдайды. Содан кейін әр тоқсан сайын департамент басшысы алдарыңызға шығып, нақты атқарылған шаралар мен мәселелер жайлы баяндама жасайтын болады", – деді министр.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу