Қостанай облысындағы шетелдік көлік иелеріне ескерту жасалды. Облыстық жол полициясының баспасөз қызметі хабарлағандай, барлығы 11 мың 422 шетелдік көлік заңдастырылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Құрметті көлік иелері! Заңдастырудың бір реттік сипатын ескере отырып, көлік иелеріне 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін берілген заңдастыру туралы өтініштер тек 2023 жылдың 30 желтоқсанына дейін қаралатынын хабарлаймыз. Бүгінгі таңда, НҚА-ға тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Яғни, іс жүзінде шетелдік көліктерді заңдастыруға бір айдан аз уақыт қалды. Шектеулі мерзімдерді ескере отырып, біз көлік иелерін заңдастыру процесін аяқтап, көліктерін тіркеуге шақырамыз", - деп ескертті Қостанай облыстық Полиция департаменті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, ҚР Ішкі істер министрлігі 23 қаңтар мен 30 маусым аралығында елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік көліктерді заңдастыруға өтінімдерді қабылдады. Бұл ретте, Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген көліктер заңдастыруға жатпайды.