Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
"Жыл сайын бұл байқауға қатысуға ниет білдірген кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Көрме-байқауға қатысқан кәсіпорындар алдағы уақытта өнім сапасын көтереді, өйткені көрмеде олар үздіктерден үйренеді, көреді. Республикаға және одан да тыс жерлерге өнімі белгілі "Баян сұлу" кондитер фабрикасы, "ДЕП" сүт зауыты, "Агромаш Холдинг" машина құрастыру зауыты осындай көрмелерге сан мәрте қатысып, өздерін дәлелдеген. Қазір экспорттық әлеуеті артқан олардың өніміне сырттан сұраным күшті" деді Архимед Бегежанұлы.
Облыс өңірінде 50 мыңнан аса кәсіпкер бар, олар жылдың бастапқы үш айында 353 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Ол өткен жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 25 пайызға артық. Көрмеге қатысқан өнімдердің жаңалығы да көп болды. "Гермес-4" кәсіпорнының малдың түйіршік жемін шығарғанына бір жылдың ғана жүзі болды. Ал олардың өнімі облыс, республикадан асып, Түркия, Ресейге жөнелтіледі. Мал шаруашылығын дамыту үшін бұл жақсы инновациялық жаңалықтың бірі деуге болады. Оның бағасы да мал баққан шаруаға аса қымбат емес секілді. Жемнің бір тоннасы 40 мың теңгеге түседі. Көрме-байқауда "Өндірістік маңызы бар үздік тауарлар" аталымы бойынша осы "Гермес-4" кәсіпорны бірінші орын алды. Содан кейін машина құрастыратын "Сарыарқа Автопром" зауыты екінші, медицинаға қажетті тазалау химиялық өнімін шығаратын "МедиДез" кәсіпорны үшінші орынды алды. "Халық тұтынатын үздік тауарлар" аталымы бойынша "Домбаева" жеке кәсіпорны бірінші орынға, "Содалит" зергерлік компаниясы екінші, "Triera KZ" кәсіпорны үшінші орынға лайықталды. Ал "Үздік азық-түлік тауарлары" аталымының жүлделі орындарын "ПИК фирмасы" ЖШС, "Қарагулина" ЖК және "Аква арасан" ЖШС бөлісті.
Жеңімпаздар "Қазақстанның үздік тауарлары" республикалық байқауында бағын сынайтын болады.