Қостанай облыстық ІІД есірткі бизнесімен күрес бойынша басқармасының қызметкерлері 40 келі марихуана алып жүрген автокөлік иесін ұстады. Мұны ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Қостанай қаласының Абай даңғылы бойындағы супермаркет маңында түнгі сағат 03 шамасында "Nissan Pulsar" маркалы көлік тізгіндеген 28 жастағы жүргізуші құрықталды. Қасында 48 жастағы ер адам болған.
"Ал артқы орындықта скотчпен маталған полипропиленді қаптан кептірілген марихуана табылды. Есірткілік зат жүкті алып өтпекші болып көлік жалдаған 48 жастағы азаматқа тиесілі. Ол тауарды сатуды жоспарлаған", - делінген ІІД баспасөз қызметі хабарламасында.
Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің Қашар кентінде тұратыны анықталды. Бұрын істі болған. Есірткі тасымалдағаны үшін Ресей Федерациясында жазасын өтеген. Абақтыдан босап, елге келе салысымен қайтадан заңсыз бизнеске араласыпты. Қазіргі уақытта аталмыш дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.