Қостанай қалалық әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі талқыланды, деп жазады inbusiness.kz kstnews.kz порталына сілтеме жасап.
Төтенше жағдай басқармасының бастығы Алмаз Төлендиннің сөзінше, биылғы қыста жауын-шашынның көп түсуіне байланысты су тасқыны қаупі төніп тұр. 2023 жылы орта есеппен 16 сантиметр қар жауды, бұл қалыпты деңгейден (7 сантиметр) көп. 1 қаңтардан бастап шаһардан 168 000 текше см қар, ал былтырғы қыс мезгілінде 222 000 текше см қар шығарылды.
"Колесные ряды, "Текстильщик" бақша қоғамы, "Қонай", "Достық", "Қостанай-2" тұрғын алаптары сияқты аудандарды су басу қаупі бар. Бұл шамамен 1,5 мың адам тұратын 404 тұрғын үй деген сөз. Бұдан басқа проблемалық учаскелер қатарына "Береке" шағын ауданы, "Юбилейный" шағын ауданы және қаланың индустриалды аймағы жатады. Қалада айналма арналарды салу және реконструкциялау, нөсер кәріздерін қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде инертті материал әзірленіп жатыр, техника мен азаматтық қорғау күштері дайын тұр, су тасқыны кезінде әрекет ету және хабарлау алгоритмі әзірленді", - деп атап өтті ол.
Қала әкімі Марат Жүндібаев қалың қар салдарынан су тасқыны күтілетінін, алайда тұрғын үйлерді су басуға жол бермеу қажеттігін жеткізді.
ТЖБ басшысы төтенше жағдай туындайтын болса, ведомство тұрғындарды эвакуациялауға дайын екенін атап өтті. Осы мақсатта 10 автобус бөлінген, бұдан бөлек 1900 орындық эвакуациялық пункт бар.
Бұдан басқа жиналыста "Жастар сарайы" ауданында жаңа нөсер кәрізін салу жоспарланғаны жөнінде айтылды. Ақпаратқа сәйкес, бұл Назарбаев даңғылындағы жол өткелін су басудан қорғауға мүмкіндік береді. Аталмыш учаске жыл сайын еріген қар суына толады. Бұдан басқа нөсер кәрізі қаладағы "Солтүстік-батыс" шағын ауданын судан тазартуға мүмкіндік береді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, бүгінгі таңда жоба әзірленген, ол арнайы сараптамадан өтуі тиіс. Жоба 2024 жылы жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.