Қостанайда алаяқтарға 103 млн теңгені иемденуге жол берілмеді

165

Антифрод-колл-орталықтар күдікті қоңырауларды дер кезінде анықтап, азаматтардың қаржысын сақтап қалуға көмектесуде.  

Қостанайда алаяқтарға 103 млн теңгені иемденуге жол берілмеді Фото: ixbt.com

Қостанай облысында жыл басынан бері интернет-алаяқтардың 103 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденуіне жол берілмеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

 Бұл жұмыс прокуратура, полиция, "Қазақтелеком" және екінші деңгейлі банктердің бірлескен әрекеті нәтижесінде жүзеге асқан.

Алаяқтар көбіне банк, мемлекеттік орган немесе құқық қорғау мекемелерінің қызметкері ретінде танысып, азаматтарды ақшасын "қауіпсіз шотқа" аударуға көндіреді.

Қаржыны қорғаудың тиімді тетіктерінің бірі – прокуратура бастамасымен құрылған антифрод-колл-орталықтар. Күдікті әрекет туралы ақпарат түскенде операторлар азаматтарға дереу хабарласып, қауіп туралы ескертеді. Қажет болған жағдайда полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, алдын алу шараларын жүргізеді.

Мәселен, алаяқтар өзін салық органдарының қызметкері ретінде таныстырып, зейнеткер әйелді жинаған қаражатын "қауіпсіз шотқа" аударуға үгіттеген. Құқық қорғау органдарының дер кезінде араласуының арқасында оның ақшасы сақталып қалды.

Прокуратура азаматтарға банк картасының деректері, SMS-кодтар мен құпиясөздерді бөгде адамдарға бермеуді және бейтаныс адамдардың нұсқауымен ақша аудармауды ескертеді. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, банкке ресми нөмірі арқылы өзіңіз хабарласқан жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу