Қостанайда шорт-трек бойынша балалар жаттықтырушысы бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Тергеу барысында 2022 жылдың қазанынан 2024 жылдың қаңтарына дейін "Жоғары спорт шеберлігі мектебінің" балалар мен жасөспірімдер командалары арасында шорт-трек бойынша жаттықтырушы өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, алымдар мен жарыстарға іс жүзінде бармаған адамдарды заңсыз көрсету жолымен шығындардың нақты сомасын ұлғайта отырып, жалған аванстық есептер құрастырғаны анықталды. Жаттықтырушы түскен ақшаны өзі игерді. Ұрланған бюджет қаражатының сомасы 5,9 млн теңгені құрады. Кейіннен ұрланған ақша қаражатын депозиттік шотқа аудару арқылы заңды айналымға тартты, ол жерден ай сайынғы сыйақыны 9,6% пайыздық мөлшерлемемен алды", - делінген хабарламада.
Облыстық прокуратураның дерегінше, депозит бойынша пайыздық сыйақы түріндегі жария етілген қылмыстық кіріс сомасы 613,1 мың теңге болады.
Санкция баппен 6 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, 7 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жазаны көздейді.
Қылмыстық іс Қостанай қаласының №2 сотына жолданды.