Қостанайда бидай мен майлы дақылдарды қатар өңдейтін ұн зауыты салынады

1223

Қостанайда бидай мен майлы дақылдарды қатар өңдейтін ұн зауыты салынады

Қостанайда бидай және майлы дақыл өнімдерін қатар өңдейтін жаңа ұн зауыты салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен өткен селектор кеңесінде өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысы талқыланды.

Биыл құрылысы басталатын нысанның бірі - ұн зауыты. Аталған жобаны алматылық "Bio Grain" компаниясы қолға алмақ. Көп салалы әрі өндірістік қуаты аса жоғары жаңа кәсіпорын ұн, кеспе, крахмал, глютен, қоспажем және майлы дақыл өнімдерін өңдеп шығаратын болады. 

"Ұн зауытын салу үшін барлығы 90 млрд теңге қажет. Зауыт іске қосылса, 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның 20-сы  - қытайлық инженер-технолог мамандар. 480-і - жергілікті тұрғындар. Біліктілігін арттыру мақсатында 100 адам Қытайға оқуға жіберіледі деп жоспарланған. Зауытты қажетті шикізатпен жергілікті шаруашылықтар қамтамасыз етеді. Кәсіпорын дихандардан жылына 600 мың тонна 3 класты бидай, 120 мың тонна майлы дақыл және 750 мың тонна 4,5 класты бидай сатып алуды жоспарлап қойған", - деді "Bio Grain" компаниясының басшысы Дина Өтебаева.

Ұн зауыты құрылысқа рұқсат берілгеннен кейін 2 жарым жыл ішінде салынып бітеді. Құрылыс жұмыстарына 1200 адам тартылмақ. Қазір облыс орталығындағы индустриялық аймақтан жобаға лайық жер телімін ресімдеу жүріп жатыр.

Жиында Арқалық қаласындағы ет өңдеу кешенінің құрылысы да сөз болды. Кәсіпорын келешекте жылына 1000 тоннаға дейін ет өңдеп, шұжық өнімдері мен ет консервілерін шығарады. Бүгінде кешеннің мал сою, ет өңдеу цехтарының, қойма ғимараттарының іші әрленіп, құрылғыларды құрастыру, орналастыру жұмыстары жүріп жатыр. Мал соятын орынға электр желілері мен су, жылу құбыры тартылған. Аталған құрылыс жұмыстарына 60 адам тартылған. Кешеннің ет өңдейтін құрылғысы Польшадан сатылып алынды.

Құны 250 млн теңге болатын құрылғы Арқалыққа 15 тамыз күні жеткізіледі. Жоба биыл қазан айында іске қосылмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу