Қостанай қаласы әкімдігінің "Білім бөлімі" ММ басшысы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қостанай облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық ҰҚК департаментінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы өндірісінде Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімі лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс бар.
Олар өзге адамдармен топтасып, бөлімге қарасты мекемелерге (мектептерге) бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.
"1 маусымда ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі бойынша көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен, ҚР ҚПК-нің 128-бабы тәртібімен Қостанай қаласы әкімдігінің "Білім бөлімі" ММ басшысы Г.А.Ұразбаева ұсталды", – деп хабарлады ҰҚК департаменті.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Ведомство өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын атап өтті.