Қостанайда Chevrolet Damas негізінде жедел жәрдем көліктері құрастырылмақ

1090

Пилоттық үлгілерді Денсаулық сақтау министрлігі сынақтан өткізеді.

Қостанайда Chevrolet Damas негізінде жедел жәрдем көліктері құрастырылмақ

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдегі коронавирус инфекциясына қатысты ахуалды айта отырып, жедел жәрдем көліктерінің санын арттыру мәселесін қозғады. 

"Медициналық жедел жәрдемге жүктеме айтарлықтай ұлғайды. Шілде айына дейін жедел жәрдемді тұрғындар тәулігіне 800-ге жуық мәрте шақырған болса, қазір адамдар тәулігіне 1300-1400 рет жедел медициналық көмекке жүгінеді. Биыл 80 жедел жәрдем көлігін сатып алып, аудандарға жеткіздік. Жалпы 2-3 жыл ішінде 120 автокөлік сатып алдық. Олардың жиырма шақтысы – ішінде қажетті құрал жабдығы бар реанимациялық көліктер", – деп айтып өтті Архимед Мұхамбетов.

Қостанайда жасалған арнайы көліктерді Денсаулық сақтау министрлігі сынақтан өткізгеннен кейін, еліміздің барлық өңірлеріне жеткізу мүмкіндігі туамақ.

"Кеше ғана "Сарыарқа АвтоӨндіріс" басшылығымен Chevrolet Damas автокөлігі негізінде жедел жәрдем көліктерін әзірлеу туралы сөйлестім. Пилоттық үлгілерді Денсаулық сақтау министрлігі сынақтан өткізеді. Егер барлығы дұрыс болса, Қостанай облысы ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріне де жеткізуге болады. Қостанай облысы үшін осындай 30-40 көлік сатып алуды жоспарлап отырмыз. Өйткені жедел медициналық көмек көрсетуге жүктеме артуда", – деді облыс әкімі.

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу