Бүгін, 14 наурыз күні, Қостанай қаласында Орталық Азияның үздік командаларын біріктірген ALLUR CYBERLAND CUP 2026 халықаралық киберспорт турнирі өз бастауын алды. Жарыс Cyberland premium алаңында өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Турнирге Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен келген 8 команда қатысуда. Қатысушылар 2 000 000 теңге көлеміндегі жүлде қоры үшін және халықаралық турнирдің чемпионы атағы үшін бақ сынайды.
Жарыс екі кезеңнен тұрады. Алдымен топтық кезең өтеді: командалар GSL жүйесі бойынша best-of-3 форматында ойнайды, яғни әр серия екі жеңіске дейін жалғасады. Топтық кезең қорытындысы бойынша үздік командалар плей-офф кезеңіне жолдама алады. Плей-офф Single Elimination жүйесі бойынша best-of-3 форматында өтеді – жеңілген команда турнирден шығады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – өңірде киберспортты дамыту, Орталық Азия командалары арасындағы ынтымақтастықты нығайту және жас талантты ойыншыларды қолдау. Сондай-ақ көрермендерді тартысты әрі қызықты матчтар күтуде.
ALLUR CYBERLAND CUP 2026 турнирі Цифрландыру және жасанды интеллект жылы, сондай-ақ DIGITAL-Наурыз онкүндігі аясында өтіп жатыр. Бұл шара киберспортты кеңінен насихаттауға және өңірдегі ойыншылар мен ұйымдар арасында тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаң болмақ.