Қостанайда дронның көмегімен 1500-ден астам жол ережесін бұзу дерегі анықталды

236

Әуеден бақылау қауіпті құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр.  

Қостанайда дронның көмегімен 1500-ден астам жол ережесін бұзу дерегі анықталды Фото: bugin.kz

Қостанайда жыл басынан бері полиция қызметкерлері ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен жол жүрісі қағидаларын бұзудың 1500-ден астам дерегін анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Дрондар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тиімді құралдардың біріне айналып келеді. Әуеден бақылау арқылы полицейлер жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін қауіпті әрекеттерді дер кезінде анықтап, олардың алдын алуға мүмкіндік алады.

Полицияның назарына ең алдымен адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін құқық бұзушылықтар ілігеді. Олардың қатарында жаяу жүргіншіге жол бермеу, қарсы қозғалыс жолағына шығу, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту және тыйым салынған жерлерде басып озу бар.

Ұшқышсыз ұшу аппараттары жолдағы ахуалды биіктен бақылауға мүмкіндік береді. Бұл кәдімгі патрульдеу кезінде байқалмай қалуы мүмкін құқық бұзушылықтарды анықтап, оларды уақытылы тіркеуге жол ашады.

Полицияның айтуынша, басты мақсат – анықталған құқық бұзушылықтардың санын көбейту емес, жолдағы қауіптің алдын алу. Себебі қарсы қозғалыс жолағына шығу, қызыл шамға өту немесе жаяу жүргіншіге жол бермеу секілді әрекеттер санаулы секунд ішінде қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.

Дрондарды пайдалану полицияға жол қозғалысын кең ауқымда бақылап, қауіпті әрекеттерге жедел ден қоюға және қозғалысқа қатысушылар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Полиция жол жүрісі қағидаларын сақтау тек заң талабы емес, әр адамның өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне деген жауапкершілігі екенін еске салды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу